Қытайда киік мүйізінен жасалған ұнтақ дәрінің бір грамы 20 — 50$ аралығында саудаланады. Демек, келісі 20 000 — 50 000 АҚШ ақшасы деген сөз. Дәстүрлі Қытай медицинасы үшін киік мүйізі аса бағалы қоспа. Дәлелденгені мүйізден жасалған дәрі дене қызуын тез түсіретін қасиетке ие, қан тоқтатуда керемет жетістігі бар. Сосын «обыр мен у қайтаруда қуатты дәрі» деген лақабы бар, дегенмен, бұл нақты дәлелденбеген сөз. Ал Қазақстан әлі күнге дейін киіктің мәселесін бір жақты ете алмай отыр. Caravan.kz медиа порталы сарапшылардың пікіріне сүйеніп жалғастырады.
Кәсіп қылсаң, шаш-етектен пайда. Әр жұп мүйізді жоқ дегенде 500$, сәтті сатсаң 1000$ дейін пайда табасың. Қауіп те жоқ емес, бірақ, халық арасында «жұмыс істеп тұрған жасырын жүйе бары» жиі айтылады. Қалыптасқан контрабандалық жолдар да белгілі. Жиі ұсталып жататындар да сол жолдардағылар.
Киіктер көбіне Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарынан ауланады. Етін өткізу деген қиын шаруа емес, ал, мүйіздер шағын фермалар мен қарапайым гараждарда кептірілетін көрінеді. Шекарадан Қырғызстан, Өзбекстан арқылы шығып кетеді, әрі қарайғы бағыт Қытай мен Вьетнам. Айтпақшы, Алматы мен Шымкент арқылы ұшақпен жіберілген деректер де бар.
Киіктің аналығында мүйіз жоқ. Сол себепті, қырылатын текелер ғана. Ал, еркек азайған кезде жалпы қауымның да азаятыны белгілі жайт қой.
«Мемлекет бірдеңе істегісі келеді… Бірақ, жеріне жеткізіп істеп жатқан да жоқ. Киік санын е өзі реттемейді, е басқаға реттеуге мүмкіндік бермейді», — деп шүйлікті журналист Алмас Алтай.
2022 жылы ШҚО-нда 700 дәнеден астам киік мүйізі тәркіленген. Сол кездегі ақпараттарда шығын құны 2 млн доллар делінген. Ал 2023 жылы Қарағандыда 2000 дәнеден астам киік мүйізі сақталған қойма анықталған. Яғни үш есе пайда көрді деген сөз.
«Жыл сайын 1000 бастан аса киік заңсыз атылады» деген ресми ақпарат бар екен. Бұндай ақпаратқа ешкім сенбейді.
«Киік — байлық. Ұқсата алсақ, қазынаның көкесі. Бірақ, қалай кәдеге асырамыз? Не істейміз? 1500 бас киікті шетке айдатқаннан 2,5 миллион басқа жеткен түз тағысының санын реттеу мүмкін емес. Басқа бір елге пайда әкелетін жолын табу керек. Киікпен арнайылап айналысып отырған мекеме бар дейді. Кім, не істеп жатқанын ешкім білмейді. Бір жатқан құпия. «Егінді отын қылып жатыр» деп шаруалар шыр-пыр… Олардың айтқаны да рас. Бірдеңе істеу керек..», -деді қоғам белсендісі.